14 тамыз күні елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. World Taekwondo ресми күнтізбесіне енген G-1 санатындағы бұл дода Қазақстанда сегіз жылдан кейін алғаш рет өткізіліп отыр.
Ашылу рәсіміне Дүниежүзілік таеквондо (WT) федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев және ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.
Биылғы жарысқа 22 елден 750-ден астам спортшы келді. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рейтинг көшбасшылары бар. Турнир үш күнге созылып, жастар, жасөспірімдер және ересектер арасындағы бәсекелерді қамтиды.
Ашылу салтанатында Қазақстандағы таеквондо қозғалысының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік пен Қазақстан таеквондо федерациясының алғашқы президенті Бексейіт Түлкиевтің 70 жылдық мерейтойына орай, олардың балалары — Неслихан Өзтүрік пен Ерсұңқар Түлкиевке дәстүрлі қазақ шапандары тарту етілді.
«Біз Қазақстандағы қонақжайлық пен ұйымдастыру деңгейіне шын мәнінде таңғалып отырмыз. Мұнда мәдениет пен дәстүр керемет үйлескен. Үлкен жарыстардың Қазақстанға оралғанына өте қуаныштымыз. Көп рақмет, бұл нағыз спорт мерекесі!», — деді World Taekwondo президенті доктор Чунгвон Чо.
Сонымен қатар, жарыстың ашылу салтанатында Корея Республикасының әйгілі Demo Team командасы өнер көрсетті. Олар ұлттық мәдениеттің элементтері мен таеквондошылардың жоғары техникалық шеберлігін үйлестірген әсерлі шоу ұсынып, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.
«Kazakhstan Open 2025 турнирін қабылдау біз үшін зор мәртебе әрі жауапкершілік. Бүгін бізді тек спорттық бәсеке ғана емес, достық пен ынтымақтастық рухы да біріктіріп отыр. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Қазақстанда таеквондоны дамыту жолындағы жұмысымыз алда да қарқынды жалғаса беретініне сенемін», - деп атап өтті Қазақстандық таеквондо федерациясының (WT) президенті Кудрәт Шамиев.
Турнир 16 тамызға дейін жалғасады.