Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайында қазақ күресінің басты додаларының бірі – XIV республикалық «Qazaqstan Barysy – 2025» турнирі өтті.
Биыл боз кілемде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 43 балуан өз күш-қайратын, шеберлігін дәлелдеп, өз өңірлерінің намысыне қорғады.
Сөйтіп, шымкенттік Марат Байкамұров биылғы турнирдің алтын белбеу иегері атанды. Кілемде қарсылас шыдатпаған балуан алтын «Тайтұяқ» пен 15 миллион теңгенің жүлдесін жеңіп алды. Күміс белбеу мен 3,3 миллион теңгенің сертификаты былтырғы жеңімпазы, Абай облысының өкілі Ерасыл Қажыбаевқа бұйырды. Ал қола белбеу мен 1,08 миллион теңге Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповтың еншісінде.
Марапаттау рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Qazaqstan Barysy қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қуанышбек Есекеев, Qazaq Kuresi Ассоциациясының бірінші вице-президенті Еркін Оқасов және қазақ күресінің абыз ардагері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Марат Жақыт қатысып, жеңімпаздарға марапаттарын табыстады.